Шараға 30-дан астам жұмыс берушілер қатысты, олардың ішінде Батыс Қазақстан облысының білім басқармасы, Орал қалалық білім бөлімі, Батыс Қазақстан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы, Орал қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі, орта және арнаулы орта білім беру ұйымдары, Ішкі саясат басқармасы, Орал қалалық полиция басқармасы, екінші деңгейлі банктер, ӨЖК «Серік» ЖШС және т.б. бар.

Дөңгелек үстел барысында Батыс Қазақстан облысының әлеуметтік-экономикалық салаларының сұраныстары негізінде жоғары білімді кәсіби мамандарды даярлау, 2019 жылға жас мамандарды жұмысқа орналстыруда туындап жатқан мәселелер кеңінен талқыланып, оларды шешу мәселелері қарастырылды. Дөңгелек үстелді университетіміздің оқу-әдістемелік жұмыстар жөніндегі проректоры, т.ғ.д. Ә.С. Тасмағамбетов ашты. М.Өтемісов атындағы БҚМУ-дың академиялық қызмет департаментінің директоры Г.С. Кайсагалиева «Жоғары білім беруді жаңғырту жағдайында мамандар дайындау мен түлектерді жұмысқа орналастыру мәселелері» тақырыбында, Батыс Қазақстан облысы білім басқармасының «Мектепке дейінгі, жалпы орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының облыстық оқу-әдістемелік кабинеті» КММ директоры А.О. Хамзина «БҚО педагог кадрларының болжамды қажеттіліктерін бағалау» тақырыбында, Орал қаласы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығының сектор меңгерушісі Н.Ғ. Аткешов «Жұмыспен қамту саласындағы жұмыс берушілер мен жұмыс ізденушілердің мүмкіндіктері» тақырыбында, Орал қаласындағы Педагогикалық шеберлік орталығы филиалының директоры, п.ғ.к. Л.В. Обыдёнкина «Болашақ педагогтардың таңдаған кәсіби қызметінің тұрақты уәждемесінің факторлары» тақырыбында баяндамалар жасады. «ЖОО түлектерін жұмысқа орналастыру мен олардың еңбек нарығына бейімделуінің өзекті мәселелері» тақырыбындағы дөңгелек үстел соңында ұсыныстар бойынша жобалар қабылданды.

FaLang translation system by Faboba