Мансап күні
2013 жылы 12 сәуір күні М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде дәстүрлі Мансап күні өткізілді. Бұл шараның басты мақсаты - педагогикалық емес мамандықтарының («Экономика», «Есе және аудит», «Қаржы», «Туризм», «Ақпараттық жүйе», «Экология», «Аударма ісі», «Құқықтану», «Дизайн» т.б.) түлектеріне жұмысқа орналасуына жәрдемдесу, жұмыс берушілермен тікелей сұхбаттасуына, түйіндемелерін қалаған мекемелерге бір уақытта тапсыруға мүмкіндік беру.
Шараға облыстық (қалалық) жұмыспен қамту басқармалары, облыстық (қалалық) Мәдениет басқармалары, шығармашылық орталықтары, Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В. шетелдік компаниясы, Қазақстан банктерінің облыстық филиалдары, ӨЖК «Серік» ЖШС, БҚО кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы, БҚО ішкі істер департаменті, акционерлік қоғамдар, биологиялық-экологиялық орталықтар, туристік фирмалар тәрізді 43 мекеме, 300-ге жуық педагогикалық емес мамандықтардың студенттері қатысты.
Шара салтанатты және жұмыс бөлімінен тұрды. Салтанатты бөлімді М.Өтемісов атындағы БҚМУ-нің ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, академик Иманғалиев Асхат Сәлімұлы ашып, қалалық жұмыспен қамту орталығының сектор меңгерушісі Нығметов Жандос Берікұлы, қаламыздағы ӨЖК «Серік» ЖШС -нің кадр бөлімінің қызметкері Кенжегалиева Айнұр Бақытжанқызы, «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының Батыс Қазақстан облысы филиалының төрағасының орынбасары - Аубекеров Аққали Үмбетқалиұлы, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің студенттік президенті, «Қаржы» мамандығының 3 курс студенті Бисембиев Нұрсұлтан Орақұлы сөз сөйледі.
Келесі бөлімде студенттер жұмыс берушілердің негізгі талаптарымен танысып, олардың берген ақпараттарын қызығушылықпен тыңдады, келген мекемелерге түйіндемелерін тапсырды. Шараға қатысып отырған облыс және қаламыздың мекемелері өкілдеріне сұрақтарын қойып, тұжырымды жауап алды.
Сонымен бірге, шараға қатысуға «Орал өңірі», «Жайық үні», «Приуралье» газеттері мен «Қазақстан-Орал», «ТДК-42» облыстық және «Хабар» республикалық телеарналарының түсіру тобы келді.