Новости

Мансап күні

2012 жылы 11 сәуір күні М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде дәстүрлі Мансап күні өткізілді. Бұл шараның басты мақсаты - педагогикалық емес  мамандықтарының («Экономика», «Қаржы», «Туризм», «Ақпараттық жүйе», «Экология», «Аударма ісі», «Құқықтану», «Дизайн») түлектеріне жұмысқа орналасуына жәрдемдесу, жұмыс берушілермен тікелей сұхбаттасуына, түйіндемелерін қалаған мекемелерге бір уақытта тапсыруға мүмкіндік беру.
 Шараға облыстық (қалалық) жұмыспен қамту басқармалары, облыстық (қалалық) Мәдениет басқармалары,  шығармашылық орталықтары, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ АФ, Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В. шетелдік компаниясы, Қазақстан банктерінің облыстық филиалдары, «ПСП «Серік», акционерлік қоғамдар, биологиялық-экологиялық орталықтар, туристік фирмалар тәрізді 46 мекеме, 400-ден астам педагогикалық емес мамандықтардың студенттері қатысты.
Шара салтанатты және жұмыс бөлімінен тұрды. Салтанатты бөлімді М.Өтемісов атындағы БҚМУ-нің бірінші проректоры, тарих ғылымдарының докторы Әсет Сембайұлы Тасмағанбетов ашып, қалалық жұмыспен қамту орталығының сектор меңгерушісі Нығметов Жандос Берікұлы, «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының «Жас Отан» жастар қанаты Батыс Қазақстан облыстық филиалының атқарушы  хатшысы  Қадралиев Дархан Қаныбекұлы, «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының түлегі, М.Өтемісов атындағы БҚМУ-дың студенттік ректоры, Н.Ә.Назарбаев атындағы стипендия иегері Асылханова Елдана Асылханқызы сөз сөйледі.
Шара барысында университетті бітіргелі отырған жас мамандарға сынақ мерзімінен өтіп, өз мүмкіндіктері мен қабілетін көрсетіп, тәжірибе жинақтап, қазіргі заманның жұмыс нарығында орнын табуға септігін тигізетін «Жастар практикасының», факультеттердің өз мамандықтарын таныстыру презентациялары көрсетілді; студенттер жұмыс берушілердің негізгі талаптарымен танысып, олардың берген ақпараттарын қызығушылықпен тыңдады, келген мекемелерге түйіндемелерін тапсырды.
Сонымен бірге, шараға қатысуға «Орал өңірі», «Приуралье», «Жайық үні», «Страна и мир» газеттері мен «Қазақстан-Орал», «ТДК-42» облыстық және «Хабар», «Ел арна»  республикалық телеарналарының түсіру тобы келді.

 

 

© 2026 Махамбет университеті