М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің Мансап және жұмысқа орналастыру орталығының бастамасымен «Апгрейд» жобасы аясында 2024, 2025 және 2026 жылдары университетті тәмамдаған түлектерге арналған жаппай ашық онлайн курстар ұйымдастырылды. Жобаның басты мақсаты – түлектердің кәсіби дамуына қолдау көрсету, қосымша білім мен заманауи дағдыларды меңгеруіне мүмкіндік жасау және еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыру. Мансап және жұмысқа орналастыру орталығы түлектерді оқуға тарту, олардың кәсіби қажеттіліктеріне сәйкес білім беру бағыттарын таңдауға бағыттау жұмыстарын жүргізді. Ал Қашықтықтан және онлайн оқыту орталығымен бірлесіп, курстар арнайы онлайн платформада жүзеге асырылды. Үш айға созылған оқу барысында қатысушылар психология, педагогика, арнайы білім беру, ағылшын тілі, химия, физика, генетика, экология, картография, Python бағдарламалау тілі және басқа да бағыттар бойынша білімдерін жетілдірді. Оқу бағдарламасы теориялық материалдар мен практикалық тапсырмаларды қамтыды. Оқу қорытындысы бойынша 24 түлек курстарды сәтті аяқтап, сертификаттарға ие болды. Ал 14 түлек оқуын жалғастыруда. Жобаның қорытынды кезеңінде сертификаттар табысталып, қатысушылардың білім алуға деген ынтасы мен кәсіби дамуға ұмтылысы атап өтілді. «Апгрейд» жобасы түлектердің кәсіби құзыреттерін жетілдіруге, жаңа дағдыларды меңгеруіне және мансаптық мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған маңызды бастама болды. Университеттің Мансап және жұмысқа орналастыру орталығы алдағы уақытта да түлектердің кәсіби дамуы мен жұмысқа орналасуына қолдау көрсетуге бағытталған жобаларды жүзеге асыруды жалғастырады.





