2026 жылғы 17 қарашада М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетіне Атырау қаласындағы «Жайық» BINOM SCHOOL мектеп-лицейінің өкілдері жұмыс сапарымен келді. Кездесуге Атырау өңіріндегі BINOM SCHOOL мектеп-лицейлерінің аймақтық директоры Мұхтар Д. және Атырау қаласындағы «Жайық» BINOM SCHOOL мектеп-лицейінің директоры, университеттің 1997 жылғы физика-математика мамандығының түлегі, Түлектер қауымдастығының мүшесі Шайхиева С. қатысты. Кездесудің негізгі мақсаты – университет пен білім беру ұйымы арасындағы өзара байланысты нығайту, болашақ педагогтердің кәсіби даярлығын жетілдіру және түлектерді жұмыспен қамту мүмкіндіктерін кеңейту. Іс-шара барысында мектеп өкілдері университеттің бітіруші курс студенттері мен түлектеріне педагогикалық бағыт бойынша 20 бос жұмыс орнын ұсынып, жұмысқа орналасудың нақты мүмкіндіктері туралы ақпарат берді. Сонымен қатар білім алушыларды мектеп базасында кәсіби практикадан өтуге шақырды. Кездесудің маңыздылығы – университет түлегінің жұмыс беруші ретінде туған оқу ордасымен кәсіби байланысын жалғастырып, жас мамандардың еңбек нарығына бейімделуіне қолдау көрсетуінде. Шайхиева С.Ж.-ның Түлектер қауымдастығының мүшесі ретінде университетпен әріптестік орнатуы түлектер қауымдастығының әлеуетін тиімді пайдаланудың және жоғары оқу орны мен жұмыс берушілер арасындағы байланысты дамытудың жарқын үлгісі болып табылады. Мұндай кездесулер студенттердің кәсіби мүмкіндіктерін кеңейтіп қана қоймай, университет пен жұмыс берушілер арасындағы ұзақ мерзімді әріптестікті дамытуға, түлектерді жұмыспен қамтуға және білім беру саласын білікті педагог кадрлармен қамтамасыз етуге ықпал етеді.
М. Өтемісов атындағы БҚУ алдағы уақытта да жұмыс берушілермен және түлектер қауымдастығымен өзара тиімді ынтымақтастықты жалғастыра отырып, білім алушылардың кәсіби қалыптасуы мен еңбек нарығында сұранысқа ие маман ретінде дамуына жағдай жасайды.




