М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінде Мансап және жұмысқа орналастыру орталығының ұйымдастыруымен «Жасанды интеллект дәуіріндегі түлектердің жұмысқа орналасуы: инновациялық шешімдер мен кәсіби трансформация» тақырыбында форум өтті. Іс-шараға 30 мекеме мен ұйымның өкілдері, жұмыс берушілер, мемлекеттік органдар және түлектер қауымдастығы қатысты.
Форумның басты мақсаты – жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар қарқынды дамып жатқан кезеңде түлектердің еңбек нарығына бейімделу мүмкіндіктерін кеңейту, кәсіби құзыреттерін дамыту және жұмысқа орналасудың тиімді жолдарын талқылау.
Іс-шара барысында мемлекеттік қызмет, білім беру, экономикалық қауіпсіздік, статистика және жұмыспен қамту салаларының өкілдері мазмұнды баяндамалар жасады. ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің БҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары Мұрат Байсалов жастарға арналған мүмкіндіктер мен мемлекеттік қызметке орналасу жолдары туралы сөз қозғады. БҚО Білім басқармасының басшысы Елдос Сафуллин, БҚО бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті басқармасының басшысы Анастасия Болграбская, Ұлттық статистика бюросының БҚО бойынша департаментінің басшысы Болат Мешелов және Орал қаласының Мансап орталығының маманы Әйгерім Досмұханбет өз салаларындағы кәсіби даму мен мансаптық мүмкіндіктерді таныстырды. Сонымен қатар қатысушыларға Enbek.kz және eQyzmet цифрлық платформаларының қызметі таныстырылып, олардың көмегімен жұмыс іздеу, бос жұмыс орындарына өтініш беру және мемлекеттік қызметке орналасу мүмкіндіктері түсіндірілді.
Форум аясында университет пен төрт мемлекеттік орган арасында ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды. Атап айтқанда, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің БҚО бойынша департаментімен, Батыс Қазақстан облысы бойынша Сот әкімшілігі департаментімен, ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросының БҚО бойынша департаментімен және БҚО Полиция департаментімен әріптестік байланыс орнатылды.
Қол қойылған меморандумдар студенттер мен түлектердің кәсіби тәжірибеден өтуіне, жұмысқа орналасуына және болашақ мансаптық мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған. Форум университет пен жұмыс берушілер арасындағы өзара байланысты нығайтып, білім беру жүйесі мен еңбек нарығының талаптарын жақындастыруға мүмкіндік берді. Мұндай бастамалар түлектердің кәсіби қалыптасуына қолдау көрсетіп, олардың заманауи еңбек нарығында сұранысқа ие маман ретінде қалыптасуына жол ашады.






