2026 жылғы 20 ақпанда жаратылыстану-география факультетінде «Білім беру бағдарламалары мен кәсіби құзыреттіліктерді қалыптастырудағы мүдделі тараптардың рөлі» тақырыбында түлектер қауымдастығы, жұмыс берушілер және сарапшылардың қатысуымен академиялық комитеттің кеңейтілген отырысы дөңгелек үстел форматында өтті. Кездесуге қала мектептерінің директорлары, практик-мамандар, ғылыми және өндірістік ұйым өкілдері, сондай-ақ түлектер қауымдастығы мүшелері қатысты. Факультет деканы А.А. Тургумбаев оқу орнының қазіргі даму бағыты мен болашақ жоспарларын таныстырды. Сонымен қатар стратегиялық және цифрландыру департаменті директоры Э.Ж. Имашев еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандықтар мен құзыреттер картасы бойынша ақпарат берді. Білім беру бағдарламаларының жетекшілері мамандар даярлау бағыттарының өзекті мәселелері мен даму перспективаларын баяндады. Жұмыс берушілер мен түлектер тарапынан цифрлық құзыреттерді (Python, 1C, AutoCAD, BIM) меңгеру, кәсіби ағылшын тілін дамыту, командада жұмыс істеу дағдыларын күшейту, сондай-ақ өндірістік практиканы арттыру және дуалды оқытуды жетілдіру қажеттілігі атап өтілді. Кездесу барысында сауалнама арқылы жұмыс берушілердің нақты талаптары анықталып, қатысушылар арасында еркін пікір алмасу және networking форматындағы бейресми байланыс жүзеге асты. Жиын «өзгерістерге бейім, бәсекеге қабілетті маман даярлау» қажеттігі туралы ортақ тұжырыммен аяқталды.






