Жас мамандардың жұмыспен өтеу міндеттері бойынша түсіндіру кездесуі өтті

2026 жылғы 19 мамырда М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінде «Қаржы орталығы» АҚ маманы Райымбек Баталовтың қатысуымен бітіруші курс студенттері мен магистранттарға арналған онлайн кездесу ұйымдастырылды. Іс-шара Zoom платформасы арқылы өткізілді.

Кездесудің мақсаты – мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде білім алып жатқан және оқуын аяқтауға жақын бакалавриат пен магистратура түлектеріне жұмыспен өтеу міндеттері бойынша жан-жақты ақпарат беру және қолданыстағы нормативтік-құқықтық талаптарды түсіндіру болды.

Іс-шара барысында қатысушыларға Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңының 47-бабының 17-тармағына және Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің 2023 жылғы №403 бұйрығына сәйкес жұмыспен өтеу тәртібі, оның мерзімдері, міндетті жұмыс орындары, сондай-ақ жұмыспен өтеуден босату және оны кейінге қалдыру жағдайлары туралы толық мәлімет ұсынылды.

Кездесу аясында түлектер тарапынан қойылған сұрақтарға нақты жауаптар беріліп, жұмыспен өтеуге қатысты өзекті мәселелер бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алып, болашақ еңбек қызметіне қатысты маңызды ақпаратпен танысты.

М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті студенттер мен түлектерді ақпараттық қолдау бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырып, олардың кәсіби қалыптасуына және еңбек нарығына табысты бейімделуіне ықпал етуді басты міндеттердің бірі ретінде қарастырады.