«Мансап күні – 2026»: БҚУ-да бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті
2026 жылғы 15 мамыр күні М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінде «Ашық есік айлығы» аясында «Мансап күні – 2026» атты бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Ауқымды шараның басты мақсаты – бітіруші түлектердің жұмысқа орналасуына қолдау көрсету, жұмыс берушілермен тікелей байланыс орнату және жас мамандардың еңбек нарығына бейімделуіне мүмкіндік жасау. Жәрмеңкеге университеттің 6 факультетінен 60 білім беру бағдарламасы бойынша бітіруші түлектер қатысты. Студенттер өз мамандықтары бойынша бос жұмыс орындарымен танысып, жұмыс берушілермен тікелей сұхбаттасып, түйіндемелерін тапсыруға мүмкіндік алды. Шара барысында М.Өтемісов атындағы БҚУ академиялық мәселелер бойынша Басқарма мүшесі, проректор Кайсагалиева Гульжахан Смаиловна, Батыс Қазақстан облысы әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының «Еңбек мобильділігі орталығы» директорының орынбасары Айнур Мұхамбетқалиқызы Қазмұханова, сондай-ақ түлектерге сәттілік тілеген университет түлегі, Түлектер қауымдастығының мүшесі, «IT GROUP KAZAKHSTAN» ЖШС бас директоры Дудниченков Михаил Михайлович және Орал қалалық білім беру бөлімінің әдіскері Бигалиева Антонина Александровна сөз сөйледі. «Мансап күні – 2026» аясында 70-тен астам мекеме мен ұйым өкілдері қатысты. Қатысушылар студенттерге бос жұмыс орындары, тағылымдама мүмкіндіктері және еңбек нарығындағы талаптар туралы ақпарат беріп, түлектермен тікелей сұхбат жүргізді. Шара барысында студенттер мен жұмыс берушілер арасында ашық сұхбат алаңы ұйымдастырылып, бітіруші түлектер өздерін қызықтырған мамандықтар бойынша түйіндемелерін тапсырып, кәсіби кеңес алды. «Мансап күні – 2026» түлектердің кәсіби дамуына серпін беріп, университет пен жұмыс берушілер арасындағы байланысты нығайтқан маңызды іс-шара болды.































