Мемлекеттік қызметке орналасу үдерісі ашықтық пен әділдік қағидаттарына негізделеді. Үдерісті автоматтандыру және үміткерлерге ыңғайлы жағдай жасау мақсатында мемлекеттік қызметке орналасу толығымен цифрлық жүйе арқылы жүзеге асады.
Онлайн конкурстың тәртібі Ықпалдастырылған ақпараттық жүйеде «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымына орналасуға іріктеу және конкурс өткізудің уақытша қағидаларымен айқындалады (Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа
қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының 2017 жылғы 21 ақпандағы № 40 бұйрығының
2-3-қосымшасы).
Цифрлық форматта енгізілген «Е-Qyzmet» электронды платформасы - үміткерлер үшін барынша ыңғайлы әрі ашық алаң және азаматтарға интернет арқылы, үйде отырып-ақ, мемлекеттік лауазымдарға конкурсқа қатысуға мүмкіндік береді.
Конкурс кезінде үміткерге жеке ID-нөмір беріліп, осылайша, әрбір қатысушы анонимді түрде тіркеліп, оның жеке деректері тестілеу мен бағалау кезінде көрсетілмейді. Бұл тәсіл — адам факторының ықпалын азайтып, конкурс процесінің әділдігін қамтамасыз етеді.
Қазақстан Республикасының заңнамаларын білуге арналған тестілеу мен жеке қасиеттерін бақылау, мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс жасау қабілеттерін анықтайтын кезендері прокторинг жүйесі арқылы бақыланып, ереже бұзуға жол бермейді.
Әңгімелесу үміткердің жеке кабинетіне жіберілген сілтеме бойынша бейнебайланыс режимінде жүргізіліп, бос лауазым бойынша және алдыңғы жұмыс орындарының қызметтік функционалдық бағыттарына сәйкес жеке қасиеттері тұрғысынан жалпы сипаттағы сұрақтар қойылады.
Барлық кезеңдерден өткен үміткерлердің нәтижесі толығымен автоматты түрде, жүйе негізінде қалыптасады. Бұл — конкурс әділдігін қамтамасыз ететін басты фактор. Қабылданған шешім жүйеде тіркелген баллдарға сүйенеді, ал конкурс нәтижесі электронды форматта үміткердің жеке кабинеті арқылы хабарланады.
Жаңа формат енгізілгеннен бастап жергілікті атқарушы органдарға 500-ге жуық азамат жаңа тәртіппен мемлекеттік қызметке орналасты.
Сонымен қатар, қыркүйек айында конкурс өткізу қағидаларына өзгерістер енгізіліп, а.ж. 20 қарашадан бастап төменгі лауазымдарға орналасуға арналған конкурстарда әңгімелесу жүргізілмейді.
Төменгі лауазымдар бойынша әңгімелесудің орнына практикалық бағалау кезеңі енгізіліп, оған конкурстың алдыңғы кезеңдерінің нәтижелері бойынша ең жоғары балл жинаған екі үміткер жіберіледі.
Практикалық бағалау кезеңінде үміткерлердің бос лауазымның функционалдық бағыттарынан туындайтын кәсіби қабілеттері анықталады.
Практикалық тапсырмалар тиісті саладағы мемлекеттік саясатты, нормативтік құқықтық актілер және әкімшілік рәсімдерді жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлеу және енгізу, бос лауазымның лауазымдық міндеттері шеңберінде мемлекеттік органдарға және өзге де ұйымдарға ресми сауалдар мен хаттар дайындау; жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау, заңнамаға сәйкес дәлелді жауаптар дайындау бағыттары бойынша жүзеге асырылатын болады.
Үміткерлер жүйеде онлайн режимде тәуліктің кез келген ыңғайлы уақытында 21.00 сағаттан кешіктірмей, жүйемен айқындалатын кестеге сәйкес, күніне бір тапсырмадан орындайды және бір тапсырманы орындау уақыты 120 минуттан аспайды. Аталған кезең проктормен тексеріледі.
Сонымен қатар, енді бос лауазымға өтінімдерді қабылдау мерзімі жалпы конкурс өткізу туралы хабарландыру жарияланған күннен кейін бес жұмыс күннен үш күнтізбелік күнге қысқартылды.
Конкурстың цифрлық форматы мемлекеттік қызметке кадрларды қабылдау үдерісін әділдік, ашықтық және бәсекелестік негізінде ұйымдастырып, кәсіби әрі адал кадрларды іріктеуді көздейді.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің
Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті