М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің Мансап және жұмысқа орналастыру орталығының бастамасымен жүзеге асырылған «Апгрейд» жобасы аясында 2024, 2025 және 2026 жылдары университетті тәмамдаған түлектерге арналған жаппай ашық онлайн курстар ұйымдастырылды. Жобаның басты мақсаты – университет түлектерінің кәсіби дамуына қолдау көрсету, олардың қосымша білім мен заманауи дағдыларды меңгеруіне мүмкіндік жасау және еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыру. Жоба аясында Мансап және жұмысқа орналастыру орталығы түлектерді оқуға тарту, олардың кәсіби қызығушылықтары мен қажеттіліктерін анықтау және сәйкес білім беру бағыттарын таңдауға бағыттау жұмыстарын жүргізді. Ал Қашықтықтан және онлайн оқыту орталығымен бірлесіп, жаппай ашық онлайн курстарды арнайы платформада ұйымдастыру және өткізу жұмыстары жүзеге асырылды. Үш айға созылған онлайн оқу барысында қатысушылар өздері таңдаған бағыт бойынша оқу материалдарын меңгеріп, сабақтарға қатысып, практикалық тапсырмаларды орындады. Түлектердің кәсіби қажеттіліктерін ескере отырып, жоба аясында білім берудің түрлі бағыттары бойынша курстар ұсынылды. Атап айтқанда, қатысушыларға психология, жалпы психология, дефектология негіздері, арнайы педагогика, аутизм спектріндегі бұзылыстары бар балаларды сүйемелдеу негіздері, мектепке дейінгі ұйымдарда аутизм спектрі бұзылыстары кезінде ерте араласу, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды оқыту технологиясы, ағылшын тілі, органикалық химия, физика-химиялық талдау, генетика, экологиялық мониторинг, картография және топография негіздері, Python бағдарламалау тілі, орыс тілінің сөйлеу мәдениеті және Physics бағыттары бойынша онлайн курстар қолжетімді болды. Жалпы жобаға 54 түлек қатысты. Үш айлық оқу қорытындысы бойынша 24 түлек оқу бағдарламасын сәтті аяқтап, сертификат иеленді. Бұл жобаға қатысушылардың 48 пайызын құрайды. Жобаның қорытынды кезеңінде курстарды сәтті аяқтаған түлектерге сертификаттар табысталды. Салтанатты рәсім барысында қатысушылардың білім алуға деген ынтасы мен белсенділігі атап өтіліп, кәсіби жолдарына сәттілік пен жаңа жетістіктер тілегі білдірілді. «Апгрейд» жобасы – университет түлектерімен жұмысты жаңа деңгейге көтеруге бағытталған маңызды бастамалардың бірі. Жоба арқылы түлектер жоғары оқу орнын тәмамдағаннан кейін де кәсіби білімдерін толықтырып, еңбек нарығында сұранысқа ие қосымша дағдыларды меңгеруге және өздерінің мансаптық мүмкіндіктерін кеңейтуге мүмкіндік алды. М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің Мансап және жұмысқа орналастыру орталығы алдағы уақытта да түлектердің кәсіби әлеуетін арттыруға, олардың мансаптық дамуына және жұмысқа орналасуына бағытталған жаңа жобалар мен бастамаларды жүзеге асыруды жалғастырады.




