Студенттер Ішкі мемлекеттік аудит департаментінде болды

2026 жылғы 29 мамырда М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің Тарих, экономика және құқық факультетінің бітіруші курс студенттері Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің Батыс Қазақстан облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаментінде өткен кездесуге қатысты.

Іс-шара 2026 жылғы 6 сәуірде Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі мен М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті арасында қол қойылған ынтымақтастық туралы меморандум аясында ұйымдастырылды.

Кездесудің мақсаты – студенттерді ішкі мемлекеттік аудит жүйесінің қызметімен таныстыру, мемлекеттік қызмет саласындағы мансаптық мүмкіндіктер туралы ақпарат беру және болашақ мамандардың кәсіби бағдарын қалыптастыру болды.

Іс-шара барысында департамент мамандары ішкі мемлекеттік аудит органдарының негізгі міндеттері, қызмет бағыттары және мемлекеттік қаржылық бақылау жүйесіндегі рөлі туралы жан-жақты мәлімет ұсынды. Сонымен қатар, студенттер мемлекеттік қызметке орналасу тәртібі, бос лауазымдарға орналасу мүмкіндіктері, кәсіби тәжірибе жинақтау жолдары және мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талаптар жөнінде ақпарат алды.

Кездесу барысында мамандар аудит саласының ерекшеліктеріне тоқталып, мемлекеттік қызметте мансап құруға қызығушылық танытқан жастармен тәжірибелерімен бөлісті. Ашық диалог форматында өткен кездесуде студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, білікті мамандардан нақты жауаптар алды. Мұндай кездесулер студенттердің кәсіби дүниетанымын кеңейтіп, еңбек нарығындағы мүмкіндіктерді бағамдауға және болашақ мамандығын саналы түрде таңдауға ықпал етеді. Университет пен мемлекеттік органдар арасындағы ынтымақтастық білім алушылардың тәжірибелік дағдыларын дамытуға және олардың табысты кәсіби қалыптасуына бағытталған.