М.Өтемісов атындағы БҚУ түлектері Мемлекеттік қазынашылық департаментінде болды

2026 жылғы 22 мамырда М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің Экономикалық білім беру бағдарламасының бітіруші түлектері Батыс Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік қазынашылық департаментінде өткен кездесуге қатысты.

Аталған іс-шара 2026 жылғы 6 сәуірде Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі мен М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті арасында қол қойылған ынтымақтастық туралы меморандум аясында ұйымдастырылды.

Кездесудің мақсаты – бітіруші түлектерді мемлекеттік қызметтің ерекшеліктерімен таныстыру, олардың мемлекеттік сектордағы мансаптық мүмкіндіктер туралы ақпарат алуына жағдай жасау және жас мамандарды мемлекеттік қызметке тарту.

Іс-шара барысында Мемлекеттік қазынашылық департаментінің мамандары мекеменің негізгі қызмет бағыттары туралы жан-жақты мәлімет беріп, мемлекеттік қызметке қабылдау тәртібі, бос жұмыс орындарына орналасу мүмкіндіктері, кәсіби даму және мансаптық өсу жолдары жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар, студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, тәжірибелі мамандардан толыққанды жауаптар алды. Кездесу ашық диалог форматында өтіп, түлектерге мемлекеттік қызмет саласының ерекшеліктерін тереңірек түсінуге мүмкіндік берді. Мұндай іс-шаралар білім беру ұйымдары мен мемлекеттік органдар арасындағы өзара ынтымақтастықты нығайтып қана қоймай, студенттердің кәсіби бағдарын қалыптастыруға және олардың болашақ еңбек жолын айқындауға оң ықпал етеді.