2026 жылғы 28 мамырда М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің Тарих, экономика және құқық факультетінің бітіруші курс студенттері Батыс Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінде өткен кездесуге қатысты.
Іс-шара 2026 жылғы 6 сәуірде Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі мен М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті арасында қол қойылған ынтымақтастық туралы меморандум аясында ұйымдастырылды.
Кездесудің негізгі мақсаты – студенттерді мемлекеттік қызмет жүйесінің ерекшеліктерімен таныстыру, олардың кәсіби бағдарын қалыптастыру және мемлекеттік органдардағы мансаптық мүмкіндіктер туралы жан-жақты ақпарат беру болды.
Іс-шара барысында Мемлекеттік кірістер департаментінің мамандары мекеменің қызмет бағыттары, құрылымы мен негізгі міндеттері туралы мәлімет берді. Сонымен қатар, студенттер мемлекеттік қызметке орналасу тәртібі, бос жұмыс орындары, кәсіби тәжірибе жинақтау мүмкіндіктері және жұмысқа қабылдау талаптары жөнінде ақпарат алды.
Кездесу барысында департамент өкілдері мемлекеттік қызметтің қоғамдағы маңызы, оның артықшылықтары мен жауапкершілігі туралы айтып, қатысушылардың сұрақтарына толық жауап берді. Ашық диалог форматында өткен кездесу түлектерге болашақ кәсіби қызметтері туралы нақты түсінік қалыптастыруға мүмкіндік берді. Мұндай іс-шаралар жастардың мемлекеттік қызметке деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, олардың еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге және кәсіби әлеуетін дамытуға ықпал етеді. Университет пен мемлекеттік органдар арасындағы өзара ынтымақтастық студенттердің тәжірибелік дағдыларын жетілдіруге және олардың табысты мансап жолын қалыптастыруға бағытталған.




