Жаңалықтар
Жұмыс берушілер мен түлектер қауымдастығы өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстел өтті
2026 жылғы 10 ақпанда Мәдениет және өнер факультетінде «Мәдениет және өнер саласындағы кәсіби серіктестік» тақырыбында жұмыс берушілер және түлектер қауымдастығы өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Іс-шараның мақсаты – білім беру ұйымдары, жұмыс берушілер және түлектер арасындағы кәсіби байланысты нығайту, білім беру мазмұнын еңбек нарығы талаптарына сәйкестендіру және жас мамандардың жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін арттыру. Дөңгелек үстелге өңірдегі білім, мәдениет және өнер мекемелерінің басшылары, сала мамандары және факультет түлектері қатысып, кадр даярлау сапасы, студенттердің педагогикалық және кәсіби практикасын ұйымдастыру, жас мамандарды жұмысқа орналастыру мәселелерін кеңінен талқылады. Сонымен қатар білім беру бағдарламалары аясында элективті пәндер каталогын құрастыру және оның мазмұнын жаңарту мәселесі қарастырылды. Жұмыс берушілер тарапынан еңбек нарығында сұранысқа ие құзыреттерді қамтитын жаңа пәндерді енгізу бойынша нақты ұсыныстар айтылып, аталған бастамаға қолдау білдірілді. Спикерлер педагогикалық дайындық пен еңбек нарығы арасындағы сабақтастық, мәдениет және театр саласындағы кәсіби серіктестік, музыкалық және өнер мектептеріндегі тәжірибелік жұмыс, шығармашылық ұйымдардағы кәсіби бейімделу бағыттарында мазмұнды баяндамалар жасады. Түлектер қауымдастығы өкілдері оқу барысында алған білімнің тәжірибедегі маңызына тоқталып, білім беру мазмұнын жетілдіруге қатысты өз ұсыныстарымен бөлісті. Кездесу барысында тәжірибеге бағытталған оқытуды күшейту, бірлескен жобалар мен тағылымдамаларды ұйымдастыру, элективті пәндер мазмұнын заманауи талаптарға сай жетілдіру жөнінде ортақ шешімдер қабылданды. Іс-шара соңында қатысушылар алдағы бірлескен бастамалар мен ынтымақтастық бағыттарын айқындап, білім беру ұйымы, жұмыс берушілер және түлектер қауымдастығы арасындағы өзара тиімді серіктестікті одан әрі дамытуға дайын екендіктерін білдірді.




