2026 жылғы 26 мамырда М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінде «Ашық есік айлығы» аясында Шыңғырлау ауданы әкімдігі аппараты мен Мансап орталығы өкілдерінің студенттермен кездесуі ұйымдастырылды.
Іс-шараның мақсаты – бітіруші курс студенттерін жұмыспен қамту мәселелері бойынша ақпараттандыру, ауданның кадрлық қажеттіліктерімен таныстыру және жас мамандарды еңбек нарығына тарту болды.
Кездесуге Шыңғырлау ауданы әкімінің орынбасары Исламбек Айбек Жаншаұлы бастаған делегация қатысып, білім алушылармен ашық диалог жүргізді. Кездесу барысында ауданның әлеуметтік-экономикалық даму бағыттары, еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандықтар, жас мамандарды қолдау тетіктері және жұмыспен қамту мүмкіндіктері туралы жан-жақты ақпарат ұсынылды. Шара барысында делегация мүшелері студенттерге Шыңғырлау ауданында жүзеге асырылып жатқан жобалар, мемлекеттік бағдарламалар және мамандарға көрсетілетін әлеуметтік қолдау шаралары жөнінде мәлімет берді. Сонымен қатар, бітіруші түлектерге кәсіби қызметін ауылдық жерлерде бастау мүмкіндіктері мен артықшылықтары түсіндірілді.
Кездесудің маңызды бөлігінің бірі университет түлегі, түлектер қауымдастығының мүшесі, Шыңғырлау аудандық мәдени-демалыс орталығының директоры Тілеген Кенжетайұлы Қалиевтің студенттермен жүздесуі болды. Ол өзінің кәсіби қалыптасу жолы, еңбек тәжірибесі және қызмет барысында жинақтаған тәжірибесімен бөлісіп, жастарды үздіксіз білім алуға, кәсіби дамуға және ел игілігі жолында қызмет етуге шақырды. Кездесу соңында студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, аудан өкілдерімен еркін форматта пікір алмасты. Мұндай кездесулер білім алушылардың кәсіби бағдарын айқындауға, еңбек нарығындағы мүмкіндіктер туралы хабардарлығын арттыруға және болашақ жұмыс берушілермен тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік береді.



